«Сармат» мектеп-лицей-интернаты оқуға қабылдауда

Өңірдегі «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатына оқуға құжаттарды қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құжаттарды қабылдау 1 наурыздан 15 мамырға дейін онлайн форматта жүргізіледі. Бұл туралы Атырау облыстық «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары Нұрия Мендалиева баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мектептің басты мақсаты – әскери қызмет пен қорғаныс саласына қызығушылығы бар дарынды балаларды оқыту және тәрбиелеу. Оқу орны 2023 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен ашылған. Қазіргі уақытта мұнда 230-дан астам оқушы білім алуда.

«Сармат» мектебіне тек 7-сыныпқа көшетін оқушылар қабылданады. Үміткерлердің жаратылыстану-математикалық қабілеттері жоғары болуы шарт.

- Біз оқушыларды тек физикалық дайындыққа қарап қабылдамаймыз. Ең бастысы – олардың оқу үлгерімі. Бұл – дарынды балаларға арналған мектеп. Сол себепті алдымен үміткердің жаратылыстану-математикалық қабілеті жоғары болуы керек. Конкурстық іріктеуге қатысқан балалар алдымен үш пәннен – математика, қазақ тілі және Қазақстан тарихынан тест тапсырады. Содан кейін ғана физикалық дайындық емтиханы өтеді, - деді Н.Мендалиева.

Оқуға тапсыру үшін қажетті құжаттарға ең алдымен, өтініш, туу туралы куәліктің көшірмесі, ата-анасының (заңды өкілінің) жеке куәлігінің көшірмесі, 6-сыныптың үлгерім табелі (мөрмен бекітілуі қажет), 3х4 фотосурет (JPEG форматында) керек. Ал үміткер әлеуметтік осал топқа жатса, оны растайтын анықтаманың болуы шарт. Құжаттар atyrausarmat.23@mail.ru поштасында қабылданады.

- Барлық құжат бір мәрте жіберілуі тиіс. Егер бір құжат жетіспесе, қабылдау комиссиясы үміткердің өтінішін қараудан бас тартуы мүмкін. Сол себепті ата-аналар бұл мәселеге мұқият қарауы қажет. Құжаттар қабылданғаннан кейін арнайы хатшыға хабарласып, олардың дұрыс жеткенін тексеруге болады, - деді мектеп директорының орынбасары.

Конкурстық іріктеу 27-28 мамырда өтеді. Талапкерлер екі кезеңнен өтеді: пәндік тестілеу және дене шынықтыру қабілетін бағалау сынағы.

Айта кетейік, оқу тек қазақ тілінде жүргізіледі. Мектеп толықтай облыстық бюджетпен қаржыландырылғандықтан ақылы оқу түрі қарастырылмаған. Оған қоса «Сармат» мектебі әскерден босатпайды, жалпы Қарулы Күштер, қорғаныс саласында қызметке орналасуға жақсы мүмкіндік береді. Қосымша ақпаратты +7 702 460 5098 байланыс нөмірі арқылы немесе @atyrau_sarmat инстаграм парақшасынан білуге болады.

Сәуле МАҒАУ