Күнделікті тыныштықтың күзетінде тұрған полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әсіресе, учаскелік инспекторлар халықпен тікелей жұмыс істеп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген жандардың бірі – №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Нұржан Оралбаев.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Нұржан Оралбаев – Атырау қаласындағы Жұлдыз мөлтек ауданының учаскелік полиция инспекторы. Оның әкімшілік аумағында 11 мыңнан астам тұрғын тұрады. Учаскелік полиция инспекторы лауазымын 2022 жылы бастаған жас офицер бүгінде тұрғындардың басым көпшілігін жақсы таниды, себебі ол әрдайым байланыста болып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асады. Адамдармен жұмыс жасауда ең алдымен, олардың мәселесін тыңдау маңызды. Тәртіп сақшысы тұрғындарға дөрекілік танытпай, әрқашан жылы қабақ танытуы керек. Дәл осы қасиет оның халықтың құрметі мен сеніміне ие болуына себеп болады. Бұл – учаскелік полиция инспекторы Нұржан Оралбаевтың қызметтік ұстанымы. Қоғамдық тәртіпті қадағалау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың арыз-шағымдарын қарастыру – оның күнделікті атқаратын жұмыстарының бір бөлігі ғана.
Бекітілген аймақты аралау барысында Нұржан құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізіп, олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін тұлғалар ерекше бақылауда болады. Жедел профилактикалық іс-шаралар кезінде де заң бұзушылықтарды анықтау, құқықтық тәртіпті күшейту тәртіп сақшысының басты назарында. Мәселен, "Қару" жедел алдын алу шарасы кезінде ол заңсыз сақталған қаруларды анықтау үшін аймақтағы тұрғындар арасында тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бірнеше азаматтан тіркелмеген қарулар тәркіленді. Қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды бұл шарада инспектор жоғары кәсібилік танытты. Осы еңбегі үшін ол қалалық полиция басқармасы бастығының алғыс хатымен марапатталды. Учаскелік полиция инспекторының жұмысы белгіленген уақытпен шектелмейді. Ол күнделікті тіршілікте халықтың жанынан табылып, кез келген жағдайда көмек көрсетуге әзір.
Нұржан үшін ең бастысы – тұрғындардың амандығы мен аймақтағы тұрақтылық. Бала күнінен полиция болуды армандаған ол бүгінде өз мақсатына жетіп, ел тыныштығын қорғау жолында еңбек етіп келеді.
Қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі – учаскелік полиция қызметкерлерінің адал еңбегінде. Күн-түн демей халықпен бірге болып, олардың тыныштығын күзетіп жүрген Нұржан Оралбаевтың бір күні осылай өтеді.
Аман ШАМАР