«Исатай-Махамбет» алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары жыл сайынғы дәстүрден аттамай көрісіп, мерекелік концертті тамашалады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Үлкен мен кішінің, құда-құдағилардың, ауыл ақсақалдарының көрінісі сахналанып, жиналған көпшілік мерекелік көңіл-күйге бөленді. Атырауда тұратын өзге ұлт өкілдері де бұл күнді көппен бірге тойлауды әдет айналдырған. Солардың бірі татар ұлтының өкілі – Сания Гарипова. Қазақтың салт-дәстүрлерімен, мерекелерімен жақсы таныс ол бұл күнді көпке ортақ мереке деп есептейді.
- Көрісу – халқымыздың ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, кішіпейілдікке, бірлікке, татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелейтін, ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін дәстүрлі мейрам. Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың бастауы болған Амал мерекесінде адамдардың бұрынғы өкпе-реніштерінің бәрі кешіріліп, араздық ұмытылады. Сөйтіп, бұл татуласудың дәнекері, жаңа өмірдің бастауы болып есептеледі. Біз қазақ халқының әр мерекесінен қалып қоймауға тырысамыз, өйткені олармен бірге жүріп, ынтымақ бірлігімізді нығайтып, бір үйдің баласындай араласып кеттік, - деді С.Гарипова.
Көрісу мерекесіне орай алаңда жергілікті қолөнершілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Олар түрлі әшекей-бұйым, ұлттық киімді көптің назарына ұсынды.
- Жұмыс күніне қарамастан алаңға келіп, біз үшін орны бөлек мерекені атап өтуге келдім.Өзім бұл күні туған-туысыммен, достарыммен, әріптестеріммен көрісіп, өткен жылда болған жағымсыз сәттерді артта қалдырып, қазақтың жаңа жылын жақсы оймен бастауды жөн көремін,- деді Атырау қаласының тұрғыны Айнагүл Қадырова.
Жалпы Атырау облысында Наурызнама аясында бірнеше ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың арасында түрлі концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар, ұлттық киім шеруі бар. 21-22 наурыз күндері қала мен аудандарда азық-түлік және қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өткізілмек.