Атырауда Амал мерекесі тойланды

14 наурыз - көрісу күніне күнінде Исатай-Махамбет алаңында «Амал келді - жыл келді!» атты мәдени-көпшілік шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, концерттік бағдарлама М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының «Жаршылар» атты театрландырылған-хореографиялық қойылымымен шымылдық түрді. Салтанатты шараға қатысқан Серік Шәпкенов тұрғындарды Самарқанның көк тасы жібіген күн - Амал мерекесімен құттықтады. 

    - Қыстың құрсауынан босаған   ел-жұртымыз дәл осы күні бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып, жақын-жұрағаттың амандық-саулығын сұрайды. Батыста ғана сақталған байырғы дәстүр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен он күндік Наурызнаманың әлқиссасы ретінде бекіп, бүгінде бүкіл ел аумағында тойланатын дәрежеге жетті. Көрісу күнінде өкпе-наз өзегімен жойылып, көңілдердегі көлеңке сейіледі. Бұл — бізді бірлік пен татулыққа, кішіпейілдік пен ізеттілікке бастайтын тағылымды күн, ғибратты дәстүр. Ал бірліктің күш-қуаты қандай болмағын былтырғы көктемде көзбен көрдік. Арқанның тініндей ауызбірлігіміздің арқасында апаттың бетін қайтардық. “Ынтымақ түбі—игілік” деген осы болса керек. Жыл құтты болсын, ағайын! Бір жасқа шығуларыңызбен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызға құт қонып, бақ дарысын! - деді С.Шәпкенов.

Мерекелік шара Заттыбек Көпболсынұлы және Меломен тобының,  сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты. Театр әртістері көрісу салтын сахналап, сал-серілер өнерін ортаға салып, жігіттер мен қыздар айтысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жас келіндер қонақтарға шашу шашты.

Аман ШАМАР