Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында құрылтай мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2030 жылға дейінгі Ішкі саясат доктринасын қабылдауды ұсынды.
- Ішкі саясат концепциясын қабылдау қажет. Соңғы кезде қоғам ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде Қазақстанға жаңа мемлекеттік идеология қажет деген сыңайдағы пікірлер күнде айтылып жатыр. Меніңше, идеологияға деген сұраныс, жаңа идеологияны талап ету белгілі бір саяси-тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Жалпы алғанда, Қазақстан тарихының жаңа кезеңін, «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» дейтін сияқты сұрақтарға жауап іздеудің өзін жақсылыққа жорығым келеді. Осы сұрақтарға шынайы жауап бере алсақ, болашақтағы болмысымызды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақтардан аман шыға аламыз деп ойлаймын, - деді ол.
Ұлттық құрылтай мүшесі аталған тұжырымдама бұған дейінгі құрылтай отырыстарынан іріктеліп шыққан озық бастамаларды өн бойына топтастыру керектігін айтады.
- Осы себепті көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, Президентіміз соңғы үш жылда айқындаған, үш құрылтайда талқыланған, уақыт елегі мен қоғам талқысынан өткен құндылықтарды топтастырған, кемі 2030 жылға дейінгі уақытта қамтитын Ішкі саясат доктринасы немесе концепциясы қабылдануы керек деп санаймын, - деді Мәжіліс депутаты.
Айдос Сарым елде мемлекеттік идеологияның орнықпау себептерін айқындап, одан арылу керектігін айтады.
- Осы кезге дейін елімізде бірнеше рет идеологиялық саясат тұжырымдамасын жасау үшін талпыныс жасалғаны белгілі. Алайда оның көпшілік қолдауына ие болмауына посткоммунистік инерция, қоғамның этно-демографиялық құрамы Қазақстан қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идеологиялық нарративтердің әркелкілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық белгілі бір дәрежеде кедергі болды. Бүгінде совет заманы керемет бір таза, ізі кезең дейтін нарратив қалыптасты. Ал шын мәнінде біздегі қылмыс та, қылмыстық сана да, жемқорлық та, парақорлық та совет кезеңінен басталып, жалғасып, үдеп кеткен құбылыс. Оларға нарықтық экономиканың да, демократияның да еш қатысы жоқ, - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Фото: Ақорда