Атырау қаласында мүгедектігі бар 320 бала иппотерапия арқылы ем қабылдайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бір жылда екі кезеңмен жүзеге асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Яғни, 2-18 жас аралығындағы түрлі диагнозбен ауыратын балалардың 160-ы алты айда, қалғаны желтоқсанға дейін қызмет алады.
Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ринат Ғилажовтың айтуынша, бұл жоба қалада бесінші жыл қатарынан іске асуда.
- Мақсатымыз иппотерпия арқылы түрлі диагнозы бар балалардың денсаулығына жақсы жағынан әсер ету. Бүгінде оң нәтиже беріп жатқанын ата-аналардың пікірінен білеміз. Аптасына 3 рет жарты сағат атпен серуендейді. Балалар емге дәрігерлерінен атқа аллергиясы жоқтығын дәлелдейтін анықтамамен қатысады. Былтыр бұл көрсеткіш 400 баланы қамтыды. Биыл сұраныс артса, балалар санын көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Иппотерапиялық емді осылай жыл сайын ұйымдастыру жоспарда, - деді Р.Ғилажов.
12 жастағы ұлын екі жыл осы емге әкеліп жүрген ата-аналардың бірі — Арайлым Меңдешова. Оның айтуынша, ұлы атқа келетін күнді асыға күтеді.
- Себебі осыған дейін балам тынымсыз еді, қазір түсінгі артып, ұйқысы да тынышталды. Сондықтан иппотерапияны үзгіміз келмейді. Мұндағы нұсқаушылар да балалармен жақсы тіл табысады. Осында келу үшін инватаксидің көмегіне жүгіне аламыз. Осындай мүмкіндіктер жасаған әкімшілікке алғысымызды білдіреміз, - деді А.Меңдешова.
Айта кетейік, бүгінде қаламызда мүгедектігі бар 14 мыңнан астам адам тіркелген, олардың 2800-і кәмелетке толмаған балалар.
Сәуле МАҒАУ