Атырауда заңсыз балық аулағандар көліктерін тастап тұра қашқан...

Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасынан заңсыз балық аулаған атыраулық браконьерлер рейд барысында мотоциклін тастап қашып кетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"10 қаңтар күні инспекторлар «Урал» мотоциклін тоқтатпақ болғанда, жүргізушісі қамысқа қарай қашқан. Сөйтіп, сол жерде көлігін тастап кеткен. Одан 17 келі балық тәркіленіп, одан әрі сақтау мақсатында «Тілекші» серіктестігіне тапсырылды. Мотоцикл автотұраққа қойылды. Бұған қатысты еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Заң бұзғандар табылған соң жауапкершілікке тартылатын болады" дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілі Олег Тушканов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы