Индер ауданында «ИндерГипс» және «ИСИГипсИндер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді ірі өндіріс нысандары жұмыс жасайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Екі зауыттың да шикізат алатын карьерлері бар. Сол шикізат кейін өңделіп, дайын өнімдер жасалады. Аталған өндіріс орындарының ел игілігіне жұмыс жасап келе жатқанына да жиырма жылдан асқан.
– «ИндерГипс» және «ИСИГипсИндер» өндірістік мекемелерінде гипскартонның төрт және құрылыс материалдарының алты түрі дайындалады. Жылына біреуі 120, екіншісі 120 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Бұл кәсіпорындардың әрқайсысы жүзге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде екі зауыттың алдағы жұмыс жоспары талқыланып, жаңа міндеттер жүктелді. Олардың одан әрі дамуына толықтай қолдау көрсетілетін болады" деп сендіреді аудан әкімі Серік Нысанбаев.
Айта кетейік, «ИндерГипс» ЖШС - құрғақ қоспа өндіретін және гипсокартон шығаратын зауыт. Жылына 120 мың тонна дайын өнім өндіретін кәсіпорын сылақ, шпаклевка және өзге де құрылысқа қажетті композицияларды өндіреді. Қазір мұнда 100 жұмысшы жұмыс істейді. Серіктестік құрылтайшысы - «Волма» компаниясы.
Ал, «ИСИГипсИндер» ЖШС Қазақстанның нарығын гипсокартонның төрт түрімен – төбелік, қабырғалық тақтайшалармен қамтамасыз етеді. Жылына 120 тонна дайын өнім өндіретін зауыт 97 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.
Сол сияқты, ауданда ас тұзын өндіру және өңдеумен айналысатын «InderTuzCompany» ЖШС бар. Қуаттылығы жылына 400 мың тонна техникалық тұз және 150 мың тонна ас тұзын өндіретін зауыт «Индер Темір жолы» ЖШС арқылы ас тұзының 80 % таяу шет елдерге экспорттаса, 20 % Батыс Қазақстан кәсіпорындарына жеткізеді. Қазіргі уақытта өндіріс орны ауданымыздағы 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ