Мұқыр мен Тайсойған тұрғындарын не толғандырады?

Мәжіліс депутаты Мұқыр және Тайсойған тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысу, өткен жылы жасалған жұмыстарды саралап, тұрғындардың ой-пікірін білу мақсатында ауданға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев келіп, алғашқы болып 5 мыңға жуық халқы бар Мұқыр ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Аудан әкімдігінен білгеніміздей, кездесуге Мәжіліс депутатымен бірге «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының аппарат жетекшісі Айсұлу Қондыбаева қатынасты.

Мұқыр орта мектебінде өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали ашып беріп, сөз кезегін Мәжіліс депутатына ұсынды. Сөз алған Серік Сәрсенұлы;

- Бізді халық сайлағаннан кейін, тұрғындар арасындағы қордаланған мәселелерді тыңдап, оның шешілу жолдарын бірге талқылау бағытында араларыңызға арнайы келдік. Түйткілді мәселелеріңіз болса ашық пікірлесіп, айтылған ұсыныстарыңызды жоғары мінберлерде жеткізуге жұмыстанамыз, - деді.

Келелі жиынды сұрақ жауаппен өрбіткен Мәжіліс депутаты Серік Сәрсенұлы, мұқырлық тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Кездесуге арнайы келген ауыл тұрғындары халық қалаулысына жастарға берер тәлім-тәрбие, жұмыссыздық пен көгілдір экран арқылы көрсетілетін салт-санамызға жат бағдарламалардың кері әсері жөнінде өзекті ой қозғап, назарға алуын сұрады.

Одан әрі сапар Тайсойған ауылдық округінде жалғасты. Аталған округтегі отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Толқын Ермекқызы және Атырау облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешов арнайы қатынасты. Тайсойғандықтармен кездесуде өңір тұрғындары Тайсойған аумағынан мұнай барлау және оны өндіру мақсатында «Тайсойған 1» және «Тайсойған 2» аумақтарындағы жүргізіліп жатырған жұмыстарға кеңінен тоқталып, қара алтынды өндіруге қатысты өз ойларын ортаға салды. Соның ішінде, аталған барлау және бұрғылау жұмыстары басталғанда, бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді және бұрғыланған аумаққа арнайы аудан бойынша құрылған комиссия мүшелері жете қадағалап, тексеріс ұйымдастырса деген өтініштерін жеткізді.

Өз кезегінде келелі жиынға келген әр тұрғынның көтерген көкейтесті мәселесін тыңдаған Мәжіліс депутаты алдағы жоспарымен бөлісіп, заң аясында ұйымдастырылатындығын алға тартты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Возможно, это изображение 3 человека, помост, отдел новостей и текст