Индерде бірқатар әлеуметтік нысан жөндеуді қажет етеді (+ФОТО)

Индер ауданы Өрлік ауылындағы "Болашақ" балабақшасы күрделі жөндеуді талап етеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен анықтағанымыздай, бөбекжай ғимараты 1981 жылы салынған. 2017 жылы күрделі жөндеуден өтсе де, ғимараттың іргесі сөгіліп, қабырғасы жарылған. Сыйымдылығы 40 орындық мекемеге ауыл балаларын қамту үшін орын тапшылығы болып отыр.

Сонымен қатар, ауылдағы 7 гектар аумақты алып жатқан ескі саябақты пайдалану және жеке тұрғын үйлерден өтіп жатқан газ құбырын ауыстыру бойынша округ әкімінен ұсыныстар түсуде.

Сол сияқты, Ынтымақ ауылында боздақтар алаңы жанындағы кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Оларды жөндеу немесе жаңа ғимарат салу бағытында тиісті мекеме басшылары зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Одан бөлек, көктемгі су тасқыны кезінде соғылған бөгетті нығайту бағытында да әкімдік тарапынан тиісті тапсырмалар беріліп отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ