Атырауда қысқы спорт түрлері дамып келеді

Өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс аумағында қысқы спорттың үш түрі – шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және керлинг дамуда. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәлеметінше  шұғылданушы спортшылар саны 2300-ге жуықтайды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Облыс орталығында орналасқан «Мұз айдыны» сарайы өңірдегі қысқы спорт түрлерін насихаттайтын нысандардың негізі саналады. Мұнда  «Шайбалы хоккейден «Бейбарыс Атырау» облыстық мамандандырылған спорттық клубы» КМҚК жұмыс жасауда. Сарайда  шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанау бойынша секциялар ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдерге тегін жаттығатын мүмкіндік берілген. 

Бүгінде мемлекеттік тапсырыс негізінде шайбалы хоккеймен 173 адам, ал мәнерлеп сырғанаумен 37 адам тұрақты түрде шұғылдануда. Мұнда жоғары білікті 14 бапкер шайбалы хоккей, ал 3 бапкер мәнерлеп сырғанау бойынша кәсіби дайындық жүргізуде. 

-     Басты секциялардың бірі, әрине, хоккей. Балаларды 10 жасынан бастап ҚР біріншілігінің ашық чемпионатына қатыстыруға мүмкіндігіміз бар. Киім және спорттық жабдықтармен қамту 10 жастан басталады. Жалпы балаларды секцияларға 5-6 жастан бастап қабылдаймыз. Бұдан бөлек бізде жастар мен үлкендерге арналған хоккей лигалары бар. Жалпыға таныс «Бейбарыс» хоккей командасы — басты команда. Олар өздерінің ойынын өте көркем жүзеге асыра алатындарымен ерекше. Ал 3-ші маусымды сәтті бастаған «Жас батыр» командасы Қазақстан кубогінің иегері және Қазақстан біріншілігінің дебютты маусымында 2-ші орынды иеленді,- деді «Шайбалы хоккейден «Бейбарыс Атырау» облыстық мамандандырылған спорттық клубы» КМҚК баспасөз маманы Ислам Қадырбаев.

Сонымен қатар қыс мезгілінде Құрманғазы, Қызылқоға, Индер және Исатай аудандарында уақытша хоккей корттары ұйымдастырылып, шайбалы хоккей мен жаппай сырғанауға жағдай жасалады. Бұл жұмыстардың арқасында ауылдық жерлердегі 780 адам шайбалы хоккеймен шұғылданбақ. 

Ал керлинг спортымен тұрақты түрде шұғылданушы спортшылар саны 22-ге жетті. Олардың қатарында 8 спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына ие болса, бесеуі «ҚР спорт шеберлігіне үміткер».