Атырау орталығындағы Сәтбаев даңғылы адам танымастай өзгермек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өндірісті өңірдің орталығы саналатын Қаныш Сәтбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің шатыры мен қасбеті жаңғыртылуда. Алдағы уақытта мұндағы үйлердің сырт келбеті бейтарап және сұр түске енетін болады.
«Жоспар бойынша №14, 16,18, 2,2 24, 26, 28 үйлердің қасбеті мен шатыры ауыстырылып, дәліз терезелері мен сырты есіктер жаңартылады және соңғы үлгідегі жарықшамдар орнатылатын болады. Мақсат – «мұнайлы астанамыздың» бірыңғай сәулеттік келбетін сақтай отырып одан әрі көркейту. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу порталында электрондық байқау ұйымдастырылып, соның қорытындысымен үш мердігер мекеме анықталды. Жоспарланған жұмыстар биылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстардың жүру барысы мен қауіпсіздігі – арнайы техникалық қадағалаушы мамандардың күнделікті бақылауында» дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің абаттандыру және көгалдандыру секторының бас маманы Мәулен Саламатов.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: "Caspian News"