TikTok АҚШ-тағы қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Белгілі болғандай, 19 қаңтар күні TikTok АҚШ-тық қолданушыларға: «Кешіріңіз, TikTok-ты қазір пайдалану мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары TikTok-ты пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады. Өкінішке қарай, бұл қазірше TikTok-ты қолдана алмайтыныңызды білдіреді. Бірақ жақсы жаңалық та бар: Президент қызметіне кірісуге дайын отырған Дональд Трамп TikTok-ты қайта қолданысқа енгізудің жолын табу үшін бізбен бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жаңалықтарды бақылап отырыңыз!» деген хабарлама жіберген.
Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, TikTok -тың иесі — ByteDance компаниясына тиесілі CapCut, Lemon8, Gauth және Hypic қосымшаларының да АҚШ-тық қолданушыларға қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқаны туралы хабарлама жіберілген.
17 қаңтар күні АҚШ-тың Жоғарғы соты «TikTok-қа тыйым салу» туралы заңды қолдауға шешім шығарды. Бұл аталған заңның 19-шы қаңтарда күшке енуіне рұқсат берілгенін білдіреді. Жоғарғы сот шешім қабылдағаннан кейін Байден үкіметі мәлімдеме жасап, «TikTok АҚШ-тықтар үшін қолжетімді болуға тиіс», бірақ оның меншік құқығы АҚШ-қа немесе АҚШ-тың көңілі толатын басқа бір тарапқа тиесілі болуы керек деп атап көрсетті.
- Уақыттың тығыздығына байланысты, заңды іске асыру міндеті келесі үкіметтің мойнына жүктеледі, - делінген тиісті хабарламада.
Дональд Трамп 18 қаңтар күні журналистермен жүздескенде президенттік қызметке кіріскеннен кейін TikTok-қа қатысты тыйымның орындалуын 90 күнге кейінге шегеруі мүмкін екенін айтты.
2024 жылғы сәуірде АҚШ Президенті Джо Байден Конгрестің екі палатасы бірдей мақұлдаған заң жобасына қол қойды. Осы заңға сәйкес, ByteDance компаниясы 270 күн ішінде TikTok-ты қытайлық емес компанияға сатуға міндетті. Олай болмағанда, TikTok қосымшасы 2025 жылдың 19 қаңтарынан кейін АҚШ-та шектеледі.
Қырғызстанда TikTok желісінің жұмысына тыйым салынатынын жазған болатынбыз.
Фото pixabay