Кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспектордың жұмысы – бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін, қоғам үшін өте маңызды қызмет. Инспектордың басты міндеті – жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, оларды қылмыс жасауға итермелейтін факторлардың алдын алу және тәрбиелеу, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы орайда, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бала қауіпсіздігін басты назарға алған қызметкердің бір күнін баяндап берді. Ювеналды полиция қызметкері Қуаныш Базарбаевтың күнделікті жұмыс күні таңертеңгі уақытта басталады. Бұл кезде олар күннің жоспарын құрады: қай аумаққа бару, қандай мектептер мен оқу орындарына тексеріс жүргізу қажет екенін анықтайды. Мектеп оқушыларымен профилактикалық әңгімелесу, көшелерде жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізу – осының бәрі күн тәртібіне енеді. Қуаныш Базарбайұлы он жыл бойына институт қабырғасында ұстаздық етіп, қазіргі таңда еліміз үшін жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тыныштығын басты назарға қойып, халқының алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген полиция майоры Қуаныш Базарбайұлы Базарбаевты ерекше атап өтуге болады. Бүгінде һәм мемлекетіміздің мызғымас берік ұстынына айналған Қуаныш құқық қорғау саласында 10 жылдан бері мінсіз қызмет атқарып келеді.
Ол 1981 жылдың 12 қазанында Атырау қаласында дүниеге келген. Бала кезден көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалыны бар Қуаныштың талай ұрпаққа таным мен түсінудің аражігін ажыратуды үйретіп, әрбір жеке тұлғаның өз тарихын түп тамырымен құндылығын жоғалтпай шегелеп танып білуге, сана сезімнің оянуына қосқан үлесі зор. Тағылымы мен толғауы мол болашаққа байыппен белін буған ол 1999-2004 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тарих және география пәні саласының мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Кейін Атырау мұнай және газ институтында қазіргі Гуманитарлық пәндер кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Бүгінде адалдықты дәріптей білген халқымыздың ең басты ұстанымы – ауызбіршілігін қамтамасыз етіп, отаншылдықтың жүрегіне айналған Қуаныш 2006-2007 жылдар аралығында Ақтау қаласы 25744 әскери бөлімінде отан алдындағы қызметтік міндетін де орындаған. Кейін келелі көп мақсатын іске асыру мақсатында ол 2008-2010 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистратурасының білімін шыңдай отырып, тарих магистрі атауына ие болған. Өзіндік түсінігі терең, кісілігі мол болған полиция капитаны Қуаныш Базарбайұлы оқытушылық қызметте жүріп 2012-2014 жылдар аралығында Атырау мұнай және газ институтында Механика факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары қызметін атқарған. Кейін ол абыройлы жасаған жұмысының арқасында 2014 жылы студенттік бөлімнің басшысы лауазымына, 2015 жылы музей директоры дәрежесіне жеткен.
Пейілі сай-пейіш төріндей кең болған Қуаныштың ұстаздық еткен жылдары бірнеше тырнақалды туындылары да кітап пен газет беттерінде жарық көрген. Тәрбие өзегі тарихи санадан бастау аларын құп көрген оның қоғамда асыл іске қол созумен қатар, мәйекті сөздердің нәрлі сөлімен жазылған авторлық мақала саны жетерлік.
Тарихымызды мейлінше мол меңгерген, озық ойлы Қуаныш ұзақ жылдар бойына ұстаздық жолында еңбек етседе, оның бала жүрегінде қалып қойған арманы қоғамның бейбіт дамуына үлесін қосып, құқық қорғау саласында қызмет атқару болатын.
Алдына қойған мақсат жолдарын шынайылықпен дәйектеп, полиция қызметкері боламын деген ол, керуен жылдардың кедергісіне мұқалмай Ішкі істер органына қызметке орналасуға бар күш жүгерін арнауды жөн көрген тәртіп сақшысы 2015 жылдан бастап құқық қорғау саласында алғашқы қызмет жолын бастайды. Бар уақытын жұмысына сарп етіп өзіне берілген міндетті аса байыптылықпен орындайтын Қуаныш Базарбайұлы, қазіргі таңда қауіпсіздік тізгінін басты назарға ұстайтын Атырау қалалық полиция басқармасында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Тәулік бойына «102» арнасына түсіп жатқан жасөспірімдерге қатысты орын алған түрлі хабарламаға жедел түрде жетіп, оң шешімін табуда халықпен тығыз қарым-қатынаста болатын полиция капитаны Қуаныш үшін басты талап елге қызмет ету. Әділдік жолын ұстараның жүзінде ұстайтын ол қашанда халық арасында игі ісімен көзге түсіп жүр. Отбасында 4 баланы тәрбиелеп отырған, жанұяң сүйіспеншілікке толы болса ізгіліктің көркем сарайларының бірі деп санайтын көп балалы ардақты әкенің арманы асқақ, мақсаты айқын.
- «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Расымен қазіргі таңда, құқығы бұзылған кез келген адам ең алдымен тәртіп сақшыларынан араша сұрайды. Сол себепті меніңде бала кезден бергі басты мақсатым еліме қажетінде көмек көрсетіп, адал қызмет ету болатын. «Елін сүйген ер болар» деген терең мағыналы қағиданы басты назарға қоя отырып, балаларымды да халқының арқа сүйер азаматы болуға тәрбиелеудемін, - деді полиция майоры Қуаныш Базарбайұлы Базарбаев.
Қоғамда орын алатын түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуда бастарын бәйгеге тігіп, қылмыс атаулымен күрестің алғы шебінде жүрген полиция қызметкерлерінің адал да жанқиярлық еңбектері өскелең ұрпақ үшін мұра болып қалатын үлкен өнеге.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ