Өткен жылы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Адам құқықтары жөніндегі Атырау облысы бойынша өкілеттіктің басты ұстанымы — заңдылық, теңдік, объективтілік, ашықтық сияқты қағидаттарды негізге алу және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық беру. Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім етті.
- Уәкіл кеңсесі өткен жылы өз қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, өтініштер санының айтарлықтай өскені тұрғындар тарапынан сенімнің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар келушілер де көбейіп, құқықтық ағарту жұмыстары жанданып, жүйелі түрде жолға қойылды. Былтыр Уәкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың артуы азаматтардың Омбудсменді өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігі ретінде қарайтынын көрсетеді. Өтініштерді қарау нәтижесінде 94 лауазымды тұлға тәртіптік, бесеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді А.Абдолов.
Уәкіл мен оның өкілдері қызметінің тағы бір маңызды бөлігі – түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқықтарын қорғау.
А.Абдоловтың мәліметінше, сотталғандардан түскен шағымдардың басым бөлігі тұрмыс жағдайының көңіл көншітпейтіндігі, медициналық көмектің көрсетілмеуі, мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру туралы өтініштерді қанағаттандырудан бас тартуға қатысты. Осы өтініштерге жауап ретінде уәкіл мен оның өкілдері бірқатар мекемені аралап, ондағы жағдайларға мониторинг жүргізді.
- Былтыр уәкіл мен оның өкілдері жыл бойына 770 мекемені, оның ішінде қылмыстық-атқару мекемелерін, әлеуметтік нысандарды және білім беру ұйымдарын аралады. Нәтижесінде мыңдаған ұсыным беріліп, оның 81 пайызы орындалды. Бұл мемлекеттік органдармен сындарлы өзара әрекеттестік пен олардың жауапкершілігінің артқанын көрсетеді, - деді ол.
Сәуле МАҒАУ
Фото: ru.freepik.com