Аудан тұрғындарына көрсетілетін коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық қызметін жақсарту мақсатында ауданның коммуналдық меншігі үш дана арнайы көлікпен толықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оның ішінде Камаз базасындағы биіктікке көтеруге арналған "АГП", «Автокран Ивановец», «Манипулятор» арнайы техникалары бар. Бұл техникалар жол талғамайтын 25 тоннаға дейінгі ауыр жүктерді көтеруге және электр шамдарының бағанасының үстіне шығып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігінен білгеніміздей, соңғы уақытта ауданның техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылдары ауданның коммуналдық мекемелеріне жаңадан 16 техника табысталса, білім беру ұйымдарына 3 автобус көлігі, ауданның ветеринария саласына 5 дана «HAVAL» автокөлігі табысталды.
Ал, медицина мекемелеріне 5 дана «Газ-Соболь» автокөліктері және ауданның дербес бөлімдері мен мекемелеріне 7 дана автокөлік табысталған болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ