Газ тарату стансасының құрылысы қашан аяқталады?

Нәтижесінде сағатына 50 мың куб газ өткізетін стансаның мүмкіндігі 120 мың кубқа артады. 46 км магистралды газ құбырының бүгінде 20 шақырым газ желісі жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

- Былтыр Қызылқоға ауданының алты шағын елді-мекеніне жалпы ұзындығы 122 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, Соркөл, Сарқұмақ, Кенбай, Қоңыраулы, Тасқұдық және Былқылдақты елді-мекеніндеріндегі 118 үйге газ тартылды. Соған сәйкес бүгінде облыс халқы 99,9% көгілдір отынмен қамтылған. Атырау қаласының оң жағалауында орналасқан «Финская 120» АГТС және «Редут Финская 120» АГТС магистралды газ құбырын салу жұмыстары былтыр мамырда басталды. Бұл нысандар 1994 жылдан бері жұмыс жасап тұрғандықтан ескіріп, қуаты төмендеген. Құрылыс аяқталған соң стансаның газ өткізу мүмкіндігі артып, тұрғындар газбен үздіксіз қамтылмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде, - деді энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Жантас Оспан.

Талғайран ауылындағы «Спутник» қалашығын газбен жабдықтау жұмыстарының биыл аяқталатынын да айта кетейік.

Сәуле МАҒАУ