Былтыр Жылыой ауданы Достық ықшамауданындағы тасқын салдарынан жарамсыз болып қалған Ерболат Омаров және Келбатыр Төлесінов көшелерін қосатын автомобиль көпірін «КазАлем» ЖШС қалпына келтіруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Құрылыс былтыр күзде басталуы тиіс еді. Бірақ телекоммуникациялық желіні көпір астынан өткізу жұмыстары ұзақ уақыт алды. Бұл мәселе былтыр желтоқсанда шешіліп, жұмысқа кіріскен едік. Енді көпір құрылысын биыл наурыз айында аяқтауға бар күшімізді салып жатырмыз. Сол үшін де қазір күндізгі мезгілде он сағаттан жұмыс жасап жатырмыз» дейді мердігер мекеме өкілі Дауылбай Кемалов.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстарына барлығы 40 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Ал, қажетті материалдардың көбісі көршілес Ресейден жеткізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ