27 Сәуір, 2021 4407

Жылыойда жоғалған бала іздестірілуде/ВИДЕО

2021 жылдың 26 сәуірі күні Жылыой ауданының ПБ кезекшілік пультіне бала жоғалғаны жөнінде хабарлама түскен, деп хабарлайды ATPress.kz


«26.04.2021 ж. сағат 19:15-те Жылыой ауданы ПБ, 9 жасар баланың Құрсай каналына батып кеткендігі туралы хабарлама түсті», делінген таратылған ақпаратта.

Өзен бойынан іздестіру шаралары басталғанмен, алғашқы  әрекеттер нәтиже бермеген. Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асхат Ержановтың айтуынша, тәуліктің қараңғы уақытына байланысты іздестіру жұмыстары су үстінде жалғастырылуда.

- Сағат 20:30 шамасында бізге хабарлама келген бойда, құтқарушыларымыз дереу оқиға орнына жетіп, іздестіру шараларын бастады. Біз тәуліктің қараңғы уақытына байланысты су астынан іздеу жұмыстарын тоқтаттық. Қазір баланы су бетінде қайықтар, аулар мен арнайы якорьлер арқылы іздеп жатырмыз. Іздестіру жұмыстары нәтиже бергенге дейін жалғасатын болады. Бұл жағдай біздің жеке бақылауымызда, - деді Асхат Ержанов.

Оның айтуынша, 27 сәуір күні таңғы сағат 04:00-де Атырау қаласынан Құлсарыға қосымша сүңгуірлер тобы жіберілетін болады. Қазір оқиға орнында аудандық төтенше жағдайлар басқармасының күштері жұмылдырылған.

Жылыой ауданы әкімдігінің хабарлауынша, іздестіру-құтқару жұмыстарына құтқарушылардан бөлек, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері және аудан тұрғындары тартылған.




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда