Мереке қарсаңында өңірдегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Наурыз мерекесіне орай өңірде мерекелік іс-шаралар өткізіліп, киіз үйлер тігіліп, қазан-ошақтар жағылады. Осыған байланысты спикер өрт қауіпсіздігін сақтау дың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындар мен мекемелерге өрт талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
- Мереке күндері орнатылатын қазан-ошақты киіз үйге немесе ғимаратқа тым жақын орналастырмай, ағаш пен құрғақ шөптен алшақ қою керек. Жақын маңайда қауіпсіздік үшін су немесе өрт сөндіру құралдары болғаны дұрыс. Отты қараусыз қалдырмауға тырысыңыздар. Егер оқыс оқиға бола қалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалуларыңыз сұралады,- деді Бағдат Абдуллин.
Айта кетейік, Атырау облысында өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға төмендеген. Жыл басынан бері 66 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалынның салдарынан жарақат алғандар саны 80%, қаза тапқандар саны 40% төмендеген.
Аман ШАМАР