2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы суды ысыраппен пайдалану өте өзекті проблема екенін атап өтіп:
«Судың бір бөлігі — кейбір каналдар арқылы 50–60 пайызы далаға кетіп жатыр. Бұл жағдайды тез арада түзету керек», – деді.
Президент Үкіметке су ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеуді және су үнемдеу технологияларын жыл сайын кемінде 150 мың гектарға енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, су инфрақұрылымын жаңарту, суды есепке алу жүйелерін орнату және ауыл шаруашылығында тиімді технологияларды қолдану қажеттілігі айтылды.
Су - тек табиғи ресурс емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының негізі. Сондықтан суға ұқыптылықпен қарау – әр азаматтың міндеті. Ал, суы тапшы біздің Атырау өңірі үшін бұл өте маңызды проблема! Суды үнемдеуге көщуіміз керектігі біз айтпасақ та өмірдің өзі дәлелдеп берді.
Тамышлатып суару жүйесін әлі толыққанды қолданбаймыз. Әлі сол бағы каналдармен отырмыз. Осыдан қанашама су жерге сіңіп, ысырап болуда? Сонау шөлейтте жатқан Израйль мемлекеті тамшылатып суару арқылы ауыл шаруашылығы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатына кірді. Біз болсақ, осыны неге ескермейміз? Суды үнемдеуді нақты іске асыра бастайтын кезең туды. Бұны Президент тағы бір рет айқындап берді.
Кеңес Қосыбаев
ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Фото freepik