Атырауда экологиялық сүзгі жасау жобасы жүзеге асуда

Экологиялық тұрақтылық пен өндірістің тиімділігі – қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе мұнай-газ саласында және ауыр өнеркәсіпте пайда болатын ағынды суларды тазарту, оларды қайта қолдану технологияларын жетілдіру – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды тетігі. Осы бағытта С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Геоэкология» ғылыми-зерттеу зертханасы мен «SAKO фильтр» компаниясы бірлесіп, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – табиғи адсорбенттерді қолдана отырып, өндірістік жағдайда пайдалануға бейімделген өнеркәсіптік сүзгілерді жасау. Мұндай сүзгілер экологиялық талаптарға сай әрі технологиялық тұрғыда тиімді болады.

Жобаны іске асыру аясында зерттеу тобы бірқатар өндіріс нысанына іссапарлар ұйымдастырды. Оның ішінде Қаламқас кен орны,     «Caspi Bitum» кәсіпорны,    «Атырау мұнай өңдеу зауыты»,    «Атырау су арнасы» кәріздік тазарту қондырғылары бар.

    ⁃    Бұл сапарлар барысында өндірістік жағдайдағы ағынды сулардың үлгілері алынып, құрамына талдау жасалуда. Алынған нәтижелер сүзгілерді тәжірибелік сынақтан өткізуге және олардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, -деп атап өтті университеттің Н.Нәдіров атындағы мұнайхимия инженериясы және экология институтының деканы Асылбек Қанбетов.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті үшін бұл бастама – ғылымды өндіріс қажеттілігіне бейімдеудің үлгісі. Алдағы уақытта университет пен өндірістік компаниялар арасындағы ынтымақтастық кеңейіп, өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған жаңа жобалар іске асырылмақ.