Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығы кең көлемде атап өтіледі

Облыста ҚР Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай ауқымды іс-шараларға дайындық жұмыстары жүруде.10 қазанда «Мұнайшы» стадионында ақынға арналған «Менің Қазақстаным» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кеш барысында ҚР Мемлекеттік туы мен Жұмекен Нәжімеденовтің бейнесі көрсетілген үлкен көркем құрастырма ұсынылады. Сондай-ақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов өңірде кең көлемде тойланғалы тұрған ақынның мерейтойы туралы айтып, іс-шараларға жеке тоқталды:

- Атап айтсақ, «Менің Қазақстаным» атты гала-концерт, «Ұрпағым, саған айтам…» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Жыр — Жұмекен» поэзия фестивалі, республикалық деңгейдегі ақындар айтысы және Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өткізіледі. Ақынның туған жері Құрманғазы ауданында «Ұлт өлеңінің үштағаны» атты жыр кешін де жоспарладық,- деді спикер.

«Менің Қазақстаным» атты мерекелік шараға 3000-нан астам адам жұмылдырылмақ. Олардың ішінде мыңнан аса адам көркем құрастырманы жинап, тағы мыңы көк туымызбен арнайы шеруге қатысады.