«Атырауда жасалған» көрме-жәрмеңкесі өтті

Қала күніне орай Атырау қаласы әкімдігі және Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Атырауда жасалған» атты жергілікті тауар өндірушілердің көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Көрмеге 101 кәсіпкер қатысып, өңірде өндірілген құрылыс материалдары мен металл өнімдері, химия және жеңіл өнеркәсіп тауарлары, сондай-ақ тамақ өнімдері — нан, балық, шұжық, сүт, консервілер, жартылай дайын тағамдар мен кондитерлік өнімдер ұсынылды.

Одан бөлек жергілікті дизайнерлердің сәнді киімдері, қолөнершілердің бірегей бұйымдары көрсетіліп, келушілер үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. «Халық дауысы» байқауы аясында тұрғындар үздік азық-түлік өнімін анықтау үшін дауыс беруге мүмкіндік алды.

Көрме-жәрмеңке барысында екінші деңгейлі банк өкілдері мен қаржы институттары кәсіпкерлерге қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктерін таныстырды.

Бастама жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және Атырауда жасалған өнімдерді кеңінен насихаттауға бағытталғанын да айта кетейік.