Атырау қаласында ақын, ҚР мемлекеттік гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай «Ұрпағым, саған айтам» атты республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Көркемсөз додасының нәтижесінде бас жүлдені Маңғыстау облысынан келген Көркем Дүйсенбаева жеңіп алды. Бірінші орын Атырау облысының қатысушысы Елдос Құлшарапқа бұйырды. Екінші орынға Шымкент қаласынан Ләззат Мүсілім және Атырау қаласынан Айжан Бөлекбаева лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Қарағанды облысынан Владислав Горизанов, Түркістан облысынан Ақберен Жолдасбек және Жамбыл облысынан Айнұр Нұрбек иеленді.
Байқауға 18-35 жас аралығындағы 11 адам қатысты. Олар — Шымкент қаласы, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан және Атырау өңірінен келген жас таланттар.



Іс-шараның ашылуында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
⁃ Көркемсөз өнерінің тіл мәдениетін дамытудағы және жастардың рухани дүниесін байытудағы маңызы зор. Сондай-ақ ақынның есімін ұлықтаған байқаудың Атырау жерінде өтуі — өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға, - деді Ә. Жоламанов.
Байқау екі кезеңнен тұрды:
бірінші кезеңде қатысушылар поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқу,
екінші кезеңде прозалық туындыларды шебер жеткізу бойынша бақ сынады. Әр үміткер ақынның кемінде 10 өлеңін жатқа білуге міндетті болды.
Қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етті. Сондай-ақ жазушының қызы Қарлығаш Нәжімеденова, қос ақын — Амангелді Мырзабек пен Алмас Сақбаев және Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева қазылар алқасы қатарында болды.