Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ең басты ой — елдегі барлық реформаны асығыстыққа салмай, салмақты әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігі. Бұл — кәсіпкерлік саласы үшін де өте өзекті қағида. Себебі, бизнес табысты болуы үшін де, ел экономикасының тұрақты дамуы үшін де ең алдымен тұрақтылық пен жүйелі жоспарлау керек. Президент атап өткендей, қазір елімізде саяси және экономикалық реформалар қатар жүргізіліп жатыр. Осы өзгерістердің нәтижесінде кәсіпкерлерге арналған мүмкіндіктер де кеңейіп келеді.
Мәселен, соңғы жылдары бизнесті жүргізу шарттары жеңілдеп, мемлекеттік қолдау тетіктері айтарлықтай жетілдірілді. «Бизнестің жол картасы», «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар ауылдық кәсіпкерлерге де нақты көмек беріп отыр. Бұл әсіресе Атырау өңіріндегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен серпін. Өйткені мұнайлы аймақтың экономикасы енді тек шикізатқа ғана емес, өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға да бет бұра бастады.
Президент айтқандай, біз еліміздің болашағын бірге қалыптастырып жатқан буынбыз. Сондықтан әр кәсіпкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сапа мен әділдік қағидаттарын ұстануы тиіс. Экономикалық реформалардың тиімділігі халықтың әл-ауқатының нақты жақсаруы арқылы өлшенеді. Сол себепті мемлекет тарапынан жасалып жатқан бастамаларды қолдап, әрқайсымыз өз ісіміз арқылы ортақ табысқа үлес қосуымыз керек.
Менің ойымша, Президенттің бұл жолғы Жолдауы — елдің ілгерілеу жолында бағыт беретін маңызды бағдаршам. Реформалар кезең-кезеңімен, нақты мақсатқа негізделіп жүзеге асқанда ғана еліміздің әлеуеті артып, жас ұрпаққа лайықты болашақ қалыптасады.
Нұргүл Бекмұратова,
атыраулық кәсіпкер