Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі — тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымының жағдайын айқын атап өтті.
Жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыру мен жүйесіз басқару саланың тозуына және дағдарысына алып келді. Президент бұл жағдайдан шығудың нақты жолын ұсынды: тарифтерді либерализациялау, қызмет сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен заманауи басқару тәжірибелерін енгізу.
Сондай-ақ суды үнемді пайдалану мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылды. Шынында да, Қазақстан су тапшылығына тап болып отыр. Егер көзқарас өзгермесе, экономикалық және экологиялық қатерлер ұлғая түседі. Ұлттық су балансының құрылуы, су есебінің цифрлық платформасын енгізу және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық — бұл ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар.
Президент ТКШ саласын жаңғыртуға бизнестің қатысу қажеттігін де атап өтті. Мемлекет бақылау мен реттеуге басымдық беріп, ал технология енгізу мен инвестиция тарту жеке сектор арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл тиімділік пен ашықтық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Құрылыс саласына ерекше көңіл бөлінуі де қуантады. Ғимараттардың цифрлық моделдеуін енгізу және жаңа Құрылыс кодексін қабылдау — сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік береді, әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып жатқан кезде.
Сонымен қатар, Каспий теңізін сақтау мен Арал теңізін қалпына келтіру бастамалары да ерекше маңызға ие. Бұл жобалар Қазақстанмен ғана емес, бүкіл аймақтың мүдделерін қамтиды.
Президент Жолдауы — жай ғана жоспарлар жиынтығы емес, бұл нақты бағдар: инфрақұрылымды жаңғырту, ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениет пен цифрлық трансформация. Мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасына және елдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.
Гүлнафис Танбаева, №7 қалалық емхананың директоры
Фото freepik