Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектті ел дамуының шешуші бағыты ретінде айқындап берді. Бұл - заман талабы ғана емес, Қазақстанның әлемдік өзгерістерден қалыс қалмай, озық технологияларды өз игілігіне пайдалану арқылы экономикасы, мемлекеттік басқаруы және әлеуметтік салалары мықты цифрлық мемлекетке айналу жолындағы нақты қадамы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық шешімдер мемлекеттік басқару, экономика, денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларда кеңінен қолданылуы тиіс. Бұл - мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл процестер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтіп, бюрократиялық кедергілерді азайтады. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру азаматтардың уақытын үнемдеп, қызмет сапасын арттыра алады.
Жасанды интеллект - бұл жай ғана технология емес, ол шешім қабылдау жүйесін жаңғыртып, адами фактордың ықпалын азайтатын, экономикалық және әлеуметтік салалардағы үдерістерді оңтайландыратын қуатты құрал. Оны тиімді пайдалану арқылы біз мемлекеттік саясаттың дәлдігін, ресурстарды бөлу әділдігін және түрлі қызмет түрлерінің жеделдігін қамтамасыз ете аламыз.
Алайда бұл бағытта бірқатар өзекті мәселелер де бар. Ең алдымен, еліміздің цифрлық инфрақұрылымы біркелкі дамымаған. Шалғай ауылдар мен кішігірім елді мекендерде интернеттің сапасы төмен, кей жерлерде мүлде жоқ. Бұл — цифрландырудың барлық азаматтарға тең қолжетімді болуына айтарлықтай кедергі. Сонымен қатар, халықтың цифрлық сауаттылығы да әртүрлі деңгейде. Көптеген азаматтар онлайн жүйелерді қолдануға дайын емес немесе мүлде бейімделмеген. Бұған қоса, киберқауіпсіздік мәселесі де өзекті болып тұр — жеке деректердің қорғалуы, мемлекеттік жүйелердің қауіпсіздігі жоғары деңгейде болуы тиіс.
Енді бір өзекті мәселені айтпасқа болмайды, жасанды интеллект пен цифрландыру көптеген мамандықтардың жойылып кетуіне, тіпті, салалардың да болмай қалатынын қазірден-ақ айтып жатыр. Осы жағдай елде жұмыссыздықтың көбеюіне апармас үшін жоғалып кету қауіпі өте жоғары деген мамандық иелерін жаңа салаға бейімдеуді ұмытпаған абзал. Осыны жүйелі түрде зерделеп, ретін ойластыруымыз қажет –ақ. Сондықтан, бүгінгі күннің басты талаптарының біріне жасанды интеллект заманында қосымша мамандық иесі атанудың курстарын ашып, жұртшылықты бейімдей беру керек.
Тикаев Нурид - "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы