Атырау облысының мектептерінде бейіндік сыныптар ашылды

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында елімізде орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып құру жүзеге асырылуда. Олардың 30-ы Атырау облысында ашылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлері аптасына бір рет шеберлік сағаттарын сыныптан тыс іс-шара негізінде ұйымдастырады. Бейінді сыныптарды ашудағы мақсат – мектеп оқушыларының еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына ерте бейімделуін қамтамасыз ету, олардың кәсіби бағдарын жүйелі түрде қалыптастыру және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылығын арттыру.

- Облыс мектептерінде ашылған бейінді сыныптар техникалық және гуманитарлық бағытқа арналған. Олардың қатарында ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, автоматтандыру және басқару, педагогика, заң және экономика, медицина, мұнай және газ өндіру, бұрғылаушы, ауыл шаруашылығы бағыты бар, - деді Атырау облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Орынгүл Нысанбаева. 
 
Бұл процеске өңірдегі 14 колледж бен бір жұмыс беруші мекеме жұмылдырылды. 
Айта кетейік, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге болады.