Атырауда жерлеудің жаңа қағидалары қарастырылуда

Ашық дереккөздерде Атырау облыстық мәслихатының "Атырау облысында жерлеу және қабірлерді күту қағидаларын бекіту туралы" шешімінің жобасы талқыланған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құжат 2019 жылы Ұлттық экономика министрлігі бекіткен жерлеу және қабірлерді күту жөніндегі істі ұйымдастырудың үлгілік қағидалары негізінде жасалған. Мәслихат аппаратының басшысы Ержан Түркістановтың айтуынша, құжат жақын арада депутаттардың қарауына жіберілмек. Ендеше, көрсетілген талаптардың кейбіріне тоқталып өтейік...

Қабірлер арасындағы қашықтық кемінде 1 метрді, ені жарты метрді құрайды; қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және жер асты суларының деңгейіне байланысты жер бетінен табыттың қақпағына дейін кемінде бір жарым метрді құрайды (болған жағдайда). Қабірге қойылатын белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болуы керек. Аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабір тереңдігі екі метр болып белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатқа хлорлы әк себіледі.Әр қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үйіндісі болады, ол жауын-шашыннан қорғау үшін қабірдің шетінен асып түсуі тиіс.

Абаттандыру және күтіп ұстау: әрбір зират қатарға орналасады және жүретін жолдары бар жеке учаскелерден тұрады.

Ереженің 7-тармағына сәйкес, қала әкімдігі тіркеу жүргізеді. Осы орайда, жиі туындайтын сұрақ - қайтыс болған адамға бұрын қайтқан туысының қабірінің қасынан орын бөлуге бола ма? Білгеніміздей, егер ол жерде бос орын болса, туыстықты дәлелдейтін құжаттарды ұсыну қажет.

9-тармақ: Туысы жоқ адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

7-тармақ, 14-тармақша: Зират әкімшілігі бәріне бірдей қолжетімді қызмет көрсетеді. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ