"Бәрі жақсы" деген сөзді де тексеретін кездер болады... (+ВИДЕО)
Атыраулық учаскелік инспектор Есболат Кенжешұлының 20 жылдық еңбек өтілі бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы Махамбет ауданының учаскелік полиция инспекторы Есболат Кенжешұлы Жексенғұлов ішкі істер саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті маман. Туған жерінің тыныштығы үшін тер төгіп қызмет етіп жүрген полиция майорының осы салада жүріп түйгені мол. Тұрғындармен етене тығыз қарым-қатынаста қызмет етудің нәтижесінде ғана өз мамандығының маңызын ұғынып, жауапкершілік жүгін арқалап келе жатқан тәртіп сақшысы 2004 жылы құқық қорғау саласына қабылданғалы бері ауданның бірнеше ауылында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп келеді.
- Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің деген нақылдың дәл айтылғанына сенемін. Өзім өскен ауданда қызмет ету, сол жердің тыныштығын қамтамасыз етудің маған бұйырғаны мен үшін мақтаныш. Ауылда қылмыс жоқ, тыныш деген қағида қалыптасқан. Алайда, сол тыныштық үшін тұрғындар да атсалысып үйлесімді тандемнің арқасында қол жеткізіп отырмыз дер едім. Мысалы, ауылдастар бөтен көлік пен бөтен адамға қырағы келеді, бірден маған хабарлайды. Бұрын мені пунктке іздеп келуші еді, қазір фотоға да түсіріп жіберіп отырады. Бір үйде артық шыққан шуды естісе бірден маған айтып отырады, бақылап қойыңыз деп. Отбасындағы жанжалдар туралы ауылдың менталитеті болар көп адам хабарлай бермейді, алайда қазір заңның қатаңдатқаны ықпал етіп арызсыз-ақ жауапқа тарту тәжірибеге еніп келеді. Кірбіңнің барын көзінен көріп тұрсам да кей кезде ауылдастар "Бәрі жақсы" деп шығарып салады. Сонда да назарға алып мән-жайды сырттан жіті бақылап жүретін сәттер жиі кездеседі. Ауылдық жердің учаскелік полиция инспекторы болған барлық лауазымдарымда ауылдың ақсақалдарының батасын алып, ізгі әңгімелерін есте сақтап жүрдім. Өзім үшін өмірдегі үлкен азықтарымның бірі сол дер едім. "Қарағым, айналайын, біздің осы бала" - деп бастайтын айтқандарын назардан тыс қалдырған емеспін, артымнан ерген әріптестеріме де соны айтамын үнемі - дейді, Есболат Кенжешұлы.
Мақаламызға арқау болған учаскелік полиция инспекторы Есболат Кенжешұлының жетістіктері мол, алайда өзі үшін үлкен жетістік абыройлы еңбек ету екенін айтады. Есболатқа қарап бой түзеп полицияға қызметке келген ауыл жігіттері де аз емес, олардың басым бөлігі Департаменттің аппаратында да қызмет етеді арасында тіпті туған бауырлары да бар екен. Полиция майоры Есболат Кенжеғұлов Атырау облысындағы 2023 жылдың үздік учаскелік полиция инспекторы атанған. Қазір тәртіп сақшысы еліміздің үздігін таңдайтын республикалық додаға дайындық үстінде.
- Әр жылдары әр түрлі жаңашылдықтар еніп, жұмыс бабы да заман ағымына сай дөңгеленіп келеді. Осыдан он жыл бұрын ауылдастарымның ауданнан дәрі-дәрмегіне дейін әкеп беретінмін. Себебі ауылда дәріхана жоқ, қарт кісілердің ары-бері қатынауына қауқары бола бермейді. Ауданға кетіп бара жатсам тоқтатып алып қолын жайып батасын беріп жататын. Қазір сол қариялар қатары да сиреп келеді. - деп, естеліктерімен де бөлісті учаскелік полиция инспекторы.
Қырағылық қанына сіңген, кәсібилігі көпке үлгі полицейдің қызметіне тәнті болған біз де қаламымызды ұштай отырып сәттілік серігі болсын деп тіледік.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ