ATPress.kz. 22 мамыр. Жылыой және Құрманғазы аудандарында «ҚазТрансОйл» компаниясы 59 гектар жерді заңсыз иемденген. Олар орасан көлемдегі жер учаскесін өндірістік мақсатта 10 жыл қолданып келген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ғибрат Сүлейменов мәлімдеді. Заң бұзу фактісі бұл мекеме жаңа жер телімін беру жөнінде жергілікті әкімдікке барған кезінде ғана анықталған. Нәтижесінде, компанияға 2100 АЕК, немесе 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Жалпы, биыл жерді заңсыз иеленіп алу дерегі бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысымен дәл осындай 304 заң бұзушылық анықталған. Барлығы 43 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты.
Тағы бір жиі кездесетін мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысы үшін 2-3 жылға жалға берілетін жерлердің мақсатты пайдаланылмауы. Уақытында мерзімін ұзартпау басты проблема болып тұр. Бұл бағытта былтыр 54 жер телімінің иелеріне жазбаша ескерту жолданған.
Айдос Қарабала
Фото baq.kz сайтынан алынған