Жол қозғалысына қатысушылардың жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауын қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық полиция депртаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, үш күн ішінде жол қозғалысын қадағалау кезінде 1500-ге жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу, оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарғаны – 5, басқару құқығынсыз – 12, Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы – 101, автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидаларын бұзу – 4, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару - 53, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару – 13, мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару – 107, телефонмен көлік басқарғандар бойынша 89 дерек тіркеліп, заң шеңберінде тиісті іс-шаралар қабылданды.
Сондай-ақ, Кибер шериф құрылғысы арқылы жылдамдық асырған 663, маневр жасау қағидаларын бұзған 39 көлік иесі анықталып, әкімшілік хаттамалар жасақталды.
Айта кетейік, жедел іс-шара 29 ақпанға дейін жалғасады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ