ATPress.kz. 9 тамыз. Атырау қалалық соты облыстық ішкі істер департаментін автокөлікті мемлекеттік тіркеуден өткізуге міндеттеді. Сот отырысы Б. есімді азаматтың арыз-шағымы негізінде жүргізілген.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, талап қоюшы Б. 2013 жылы Беларусь Республикасы, Гродно қаласынан автокөлік сатып алған. Содан Гродно қалалық ішкі істер басқармасынан «темір тұлпарын» есептен шығарып, транзиттік нөмір берілген. Кейін Қазақстан аумағына өтіп, тиісті өкілетті органға автокөлікті мемлекеттік тіркеу үшін жүгінген.
Алайда, облыстық ішкі істер департаменті көлікті тіркеуден бас тартқан. Себебі аталған көлік ұрланғандар тізімінен табылып, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ қылмыстық іс құрамының болмауына байланысты өндірістен қысқартылыпты. Нәтижесінде, 2016 жылғы 4 сәуірдегі сот шешімімен автокөлік талап қоюшы Б.-ның иелігіне қайтарылды.
Сот іс материалдарын зерделей келе, талап қоюшының көлікті мемлекеттік тіркеуді міндеттеу туралы талабын қанағаттандырды.
Айдос Қарабала