Атыраулық сегіз азаматқа халықаралық іздеу жарияланды

АTPress.kz. 26 қаңтар. Іздеуде жүрген сегіз азаматтың екеуі әйел. Оларға террорлық әрекеттерге қолдау көрсетіп, теракт жасауға шақырды деген күдік артылып отыр.

Қылмыскерлердің біріне қатысты «Террористік және экстремистік қызметті қаржыландыру немесе экстремистік әрекеттерге өзге де жолмен қолдау көрсету» бойынша іс қозғалды. Екіншісі терроризмді насихаттау мен террорлық әрекет жасауға шақыру ісі бойынша іздестірілуде. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Атырау қалалық №2 сотының судьясы Гаухар Ибрашеваның айтуынша, халықаралық іздеу жарияланған 8 азаматтың үшеуі Сирия аймағындағы соғыс әрекеттеріне қатысқаны үшін іздеуде жүр. 

- Олар дәстүрлі емес діни ағымның мүшелері. Қылмыскерлерге қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодесінің 172 бабы негізінде «Шетелдік әскери қақтығыстарға қатысты» деген әрекет бойынша іс қозғалды. Көрсетілген баптың талаптары 5 жылдан 9 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, - дейді Г.Ибрашева. 

Айта кетейік, Атырауда өткен жылдың он екі айында 543 қылмыстық іс бойынша 614 адам сотталған. Оның ішінде 123 адам бас бостандығынан айыруға, 62 адам шартты жазаға, 175 адам бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Ал, бір адам қылмыстық көдекстің 65-72 бабы негізінде қылмыстық жазадан босатылған. 

 

Мереке Асанова