Атыраулық компанияға 37 млрд теңге айыппұл салынды

Атыраулық компанияға 37 миллиард теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Oxygenator ЖШС "Сағыз" полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын жинап, Доссор кентінде тұратын 20 мыңнан астам тұрғынның денсаулығына тікелей әсер ететін өрескел факт анықталды. Бұл туралы Massaget.kz жазады.

    "Бұдан басқа, полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмағанына қарамастан, серіктестік 2022-2023 жылдары мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырған", - деп хабарлады прокурорлар.

Осыған байланысты, Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізу тапсырып, оның нәтижелері бойынша серіктестікке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жасақталды.

Атырау әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен серіктестікке 37,4 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды (қаулы заңды күшіне енді).

Өз кезегінде прокуратура меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіргені үшін жауапкершіліктің міндетті түрде болатыны туралы ескертті.

Сондай-ақ, тағы екі мұнай компаниясына 11 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды. Облыс прокуратурасы табиғатты пайдалану субъектілерінің экологиялық заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді. ​Талдау шеңберінде парниктік газ квотасынан асып кету, эмиссияны экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыру, сондай-ақ, рұқсат етілген шығарынды нормаларынан асып кету және жердің ластанғаны анықталды.

​Енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижеcімен Karabatan Utility Solutions ЖШС және "Теңізшевройл" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ​Осылайша, прокуратура уақтылы қабылдаған шаралармен бұл компанияларды сот кінәлі деп таныды. Өндіріп алынған айыппұл мөлшері - 10,7 миллиард теңге. 

Фото: depositphotos.com