ATPress.kz. 9 маусым. Атырау облысының Исатай аудандық сотында жергілікті мешіттің наиб имамына қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол бас имаммен жанжалдасып, қол көтергені үшін жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы Исатай аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша, оқиға 24 мамыр күні «Зинеден ата» мешітінде болған. Кешкі намаздан кейін мешіттің наиб имамы мешітке келушілердің көзінше бас имамның қызметіне қанағаттанбайтын пікірін айтқан. Бас имам барлық айтылғандарды өзінің ұялы телефонына түсіріп алыпты.
Ал наиб имам бұған ашуланып, басшысының қолынан телефонды алғысы келіп, жанжал кезінде оны кеудесінен ұрып жіберген. Сол кезде мешітке келген жамағат жанжалдасқан имамдарды айыруға мәжбүр болады.
Осы орайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434 бабы, 1 бөлігімен наиб имамға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Сот отырысында наиб имам өз кінәсін толық мойындап, бас имамнан кешірім сұрады. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айдос Қарабала
Сурет tengrinews.kz сайтынан