Атырау көшелеріне қосымша 1410 камера орнатылады

ATPress.kz. 29 қаңтар. Бүгін Атырау облысы ішкі істер департаменті бастығы Аян Дүйсембаев қоғамдық кеңес пен облыс активі алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өткен жылы бір ғана бейнекамералар арқылы 27 қылмыс ашылып, 16 072 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Жалпы, есепті мерзімде 142 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген екен. Оның 106 мыңы жолда жүру ережелерін бұзуға байланысты болып отыр. 

Белгілі болғанындай, Атырау облысы ішкі істер департаменті жаңа шағын аудандарға, қала маңындағы селолық округтерге тағы да қосымша 1410 камера орнататын жоба дайындап отыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билік жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруда.

«Жақында «бұлтты» технологияларды қолданатын бейнекамералар орнатуды бастаймыз, ауқымды жұмыс жүреді. Біздің алдымызда камераларды стратегиялық маңызды мемлекеттік органдарға, адамдар көп жиналатын орындарға қондыру міндеті тұр», - деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы қылмыстық ахуалды жақсартуға қатысты құқық қорғау органдары басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 

Бек Әзберген