АTPress.kz. 17 мамыр. Бүгінгі таңда қоғамның маңызды мәселелерінің бірі бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру болып табылады.
Ұлт жоспарының 33-қадамын орындау мақсатында 2017 жылғы 17 қаңтарда Мемлекет басшысының «Пробация туралы» заңы күшіне енді. Заң сотқа дейінгі үкімдік пробацияның түрлерін қарастырады. Пробацияның мақсаты күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу.
Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Б. Төремұратовтың қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Қазіргі кезде бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы әзірленіп, еліміздің барлық аймағында іске асырылуда. Аталған жобаның мақсаты – сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі алғашқы күндері қоғамда әлеуметтік бейімдеу үшін жағдайлар жасау.
Мұнымен қоса, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ алпыс үш жастан асқан ерлер мен елу сегіз жастан асқан әйелдер өздерінің жазбаша өтініші мен мекеменің ұсынымымен әлеуметтік қорғау орталықтары арқылы мүгедектер мен қарттар үйіне жіберіледі.
Мереке Асанова