11 үйге ұрлыққа түскен жасөспірім сотталды

ATPress.kz. 28 тамыз. Атырауда 11 үйге ұрлыққа түскен жасөспірім сотталды. Ол жәбірленушілерге 5 млн теңгеден астам залал келтірген.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің айтуынша, 17 жасар сотталушы бұрын бірнеше рет жасаған ұрлық қылмысы үшін шартты жазада жүргенімен, қайтадан ұрлық әрекетін жалғастырған. Сөйтіп, Атырау қаласындағы 11 үйге ұрлыққа түсіп, үй иелерін материалдық шығынға батырған. 

Осыған байланысты, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған сотталушының қылмыстық ісі келісімдік негізде қаралды. Сот «ұрлық» бабы бойынша айыпталған сотталушыға қатысты процессуалдық келісімді ескеріп, сондай-ақ, бұрынғы жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын түпкілікті тағайындады. Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі таңдалды. Ал, 11 жәбірленушіге келтірілген шығын, яғни 5 млн 131 мың теңге сотталушы жасөспірімнің әкесінен өндіріледі деп үкім етілді. 

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Айдос Қарабала

Фото mvddnr.ru сайтынан алынған