Киелі мысықтар иесін тапты / ВИДЕО

АTPress.kz. 13 наурыз. Атырауда иесі жоқ, үй-күйсіз көшеде жүрген мысықтарды асырап бағумен «Қайырымды жүрек» қоғамдық бірлестігі айналысып келеді. Бүгінде бұл орталыққа алпыстан астам ит пен мысық мекен етуде.

Кеше «Қайырымды жүрек» еріктілер тобы «Тамаша» ойын-сауық кешенінің ауласында иесі жоқ үй жануарларына арналған қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. 

Жәрмеңкеге қойылған үй жануарларына көптеген қала тұрғындары қызығушылық танытты. Кішкентай көрермендер оларды қызықтап суретке түссе, арнайы қойылған жәшіктерге азық-түлік алу үшін деп ақша салғандардың да қатары көп. Жәрмеңкеге қойылған екі күшік пен төрт мысықты шараға бірінші болып келгендер меншіктеп үлгерді. Бұдан бөлек, ұяларында қалған мысықтарға да, бауырын көтергесін міндетті түрде аламыз деп құда түсіп кеткендер бар. 

- Қазіргі таңда біздің топтың базасында 24 ит пен 9 мысық және 28 бала мысық бар. Барлығын өзіміз асыраймыз. Азық-түлік алуға аптасына он мың теңгеден астам қаражат кетеді. Тамақтарын алуға тұрақты түрде көмектесіп тұратын ерікті азаматтарымыз да бар, - дейді «Қайырымды жүрек» тобының көшбасшысы Венера Манасова

Қайырымдылық жәрмеңкесіне Әйгерім есімді кішкентай қыз інісімен бірге Белка және Стрелка деген егіз күшіктерін алып келген. 

- Жетім күшіктердің суретін Фейсбуктегі қайырымдылық парақшасынан көріп, қыс мезгілі болған соң асырап алған болатынбыз. Белка және Стрелка  деп есімдерін қойдық. Мен бесінші сыныпта оқимын, інім Асанәлі енді бірінші сыныпқа барады. Күшіктерді күнде серуенге шығарып, тамағын беріп  тұрамыз. Қазір төрт ай болды. Күн жылынған соң, қайырымдылық жәрмеңкесінде күшік алатын адамдар болар деп беріп жіберуге келдік, - дейді кішкентай қайырымды жандар. 

Топ еріктілерінің айтуынша, жануарларды ұстап отырған орталықта үш жылдың ішінде көшеден табылған түрлі жарақаттары бар 300 астам ит пен мысыққа көмек көрсетілген. Қазіргі кезде «Қайырымды жүрек» тобы үй жануарлары қаңғып жүрмес үшін жомарт жандардан жануарлар үйін салу мақсатында қаржы жинау үстінде. 

- Қол ұшын созып жатқандарға рахмет. Жергілікті билік өкілдеріне осы мәселені айтып, осыдан екі жыл бұрын хат жазғанымызда қолдау бермеді. Жақында, қала басшылығына тағы да хат жаздық, өкінішке орай жауап жоқ. Қазір иттерді ұстап отырған уақытша жеріміз бар. Бізге арнайы орын керек, - дейді топтың көшбасшысы. 

Қазақ халқы итті жеті қазынаның біріне жатқызса, мысықты киелі жануарға балағанын білеміз. Алланың үйі - мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар  да ол - мысық екен.  

Әлемге нұрын төккен, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың Муъизза есімді аппақ мысығы болған деседі. Екі дүние сардарының оны жақсы көргені соншалық, шапанының етегінде ұйықтап қалған мысықты оятып алмау үшін орнынан тұрарда киімінің шетін қиып тастап кеткен. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет, видео автордікі