Қолөнер керуені Жылыойға келді

ATPress.kz. 25 қараша. Бағзыда Қытайдан бастап, Еуропаға дейінгі аралықты кесіп өткен сауда керуендері торабының Ұлы Жібек жолы деп аталғаны мәлім. Осы тең-тең теңдессіз тауарлар теңгерілген түйе керуендері сілемі қазақ жерінде де жатыр.

Бұл – сауда-саттық, тауар-ақша байланысы ғана емес, мәдениет пен өркениеттің де жолы еді. Міне, осы Ұлы Жібек жолы мәдениеті ізімен қазақтың қолөнер шеберлерінің туындыларын таныстыру арқылы рухани жаңғыруға жетелеу мақсатымен ауданымызға «Керуен» атты жәрмеңке келіп тоқтады.  

Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған көшпелі «Керуен» көрмесінің ұйымдастырушысы, «Пана - Б» қайырымдылық қорының жетекшісі Бибігүл Карденованың айтуынша, Елордамыздан еліміздің батыс өңірлеріне жол тартқан керуеннің екі ай жарымға созылған сапары оңай болмаса керек. Өйткені, жәрмеңкеде тек қана қолөнершілердің туындылары ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан шыққан дүниелері ұсынылған. Мұнда жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер де бар. Астана, Алматы, Шымкенттен бастап, өңірлердің басын қосып, ұзақ жолға алып жүрудің өз қиындығы бар екені белгілі. Қош, аталған керуен Ақтау, Жаңаөзен, Атырау қалаларын артқа тастап, Құлсары қаласына да 15-19 қараша аралығында дамылдады. Жылыой аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл жәрмеңкені жылыойлықтар бірнеше күн тамашалап, өздері қалаған бұйымды сатып алды. Білуімізше, жәрмеңкедегі заттардың көбі «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қойылған бұйымдардың қатарынан екен. 

Көшпелі көрмені қарсы алып, «қош келдің» айтқан Жылыой аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айтқали Ідірісов пен Ардагерлер кеңесі төрағасы Тілеген Кәдіровтерден соң сөз тізгінін алған ұйымдастырушы Бибігүл Карденова жәрмеңкедегі құнды деген заттарды жеке-жеке таныстырып өтті. Әуелі, алматылық зергерлердің таза күмістен жасалған ұлттық нақыштағы әшекейлерін көрсетті. «Үкі аяқ» деп аталатын алқа, шашбау, бойтұмар, өңіржиекті кім тағатынын, неге тағатынын, қандай қасиеті бар екенін түсіндіріп өтті. Мәселен, оның айтуынша, өңіржиек - тұрмыс құрған келіншектердің әшекейі, мұны тазалық үшін, көздің сұғынан қорғану үшін таққан. Жәрмеңкеде өңіржиектің емізулі баласы бар аналарға арналған, яғни омырау тұсында ашылатын тиегі бар түрі болған екен. Бұл эксклюзив бұйым Құлсарыға жете алмай қапты, өйткені мұны Маңғыстау облысының тұрғыны сатып алған. Сол тәрізді ер адамдардың күмістелген былғары белбеуінің де тіл-көзден сақтайтын қасиеті бар екенін айтып, жылыойлық жігіттерге күмістелген белбеу жасатып, тағуға кеңес берді. Күміс әшекейлердің бағасы 10 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі аралықта болды. Мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер киізден өрнектеп жасаған пальто, пиджак, кардигандарды көрсетті. «Анар» деген атымен белгілі шебердің жібек бұйымдарының орны - бір бөлек. Оның технологиясының бір ерекшелігі, нәзік жібекке жүнді кіріктіріп, орамал, көйлектер дайындайды екен. Бізге бағасы 4500 теңге тұратын оюлы, гүлді жібек орамалдар жеткен. 

 

Ж. Шаңқанова