Нью-Йорктегі музей жауһарлары тұңғыш рет Астанада

АTPress.kz. 12 маусым. Орыс суретшісі Николай Рерихқа арналған Америка Құрама Штаттарындағы жалғыз мұражай тұңғыш рет Қазақстанда өз коллекциясынан алынған аты аңызға айналған суретші, философ, саяхатшы, археологтың жұмыстарын ұсынады.

Астанадағы халықаралық көрмелер жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. 

«Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» көрмесі шебердің шығармашылық ауқымын көрсетіп, суретшінің жасөспірімдік шағында, сондай-ақ, 1920-40 жылдары жарыққа шыққан 37 жұмысын қамтиды. Н. Рерих көп саяхаттаған, Орталық Азия экспедициясының бағытымен Қытай Түркістанында, Моңғолияда, Үндістан, Тибет және Алтайда мыңдаған жұмыстар жазған. 1926 жылдың көктемінде Рерихтардың экспедициясы Шығыс Қазақстандағы Зайсан көлінің маңында болды. Ары қарай экспедиция кемемен Өскемен, Семей, Павлодар және Омбыны басып өтті.

Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Миссиясының  және Қазақстан мен АҚШ Елшіліктерінің ресми қолдауымен өткізіледі. 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі – жылдың басты маңызды оқиғасы екендігін атап өтті. Астанадағы ғаламат іс-шара ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктерімен ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, есте қалатын мәдени шараларымен де ерекшеленбек. 

- Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» экспозициясы халықаралық көрменің мәдени бағдарламасында ерекше орын алады. Суретші Николай Рерихтың шығармашылығына арналған Америка Құрама Штаттарындағы жалғыз музей Қазақстанда алғаш рет аты аңызға айналған философ, саяхатшы, археолог және қоғам қайраткерінің 37 жұмысын ұсынады,  - деді  Арыстанбек Мұхамедиұлы.  

Көрме аясында 15 маусым күні «Мәдениеттің динамикалық моделі: Қазақстан және әлемдік қауымдастық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жоспарланған. 

 

ҚР МСМ баспасөз қызметі