ATPress.kz. 28 қараша. Қызылқоға ауданында Мақат ауданының мәдени күндері өтті. Ел бірлігі мен ұлттық руханиятты өркендету бағытындағы шара Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарламада қызылқоғалық көрермендер мақаттық өнерпаздар ұсынған халық әндері мен танымал сазгерлердің әндерін тыңдап, түрлі ұлт өкілдерінің билерін тамашалады. Мақат ауданының жеткен жетістіктері мен атқарылған жұмыстары баяндалған бейнефильмнен кейін концерт шымылдығы доссорлық әнші Қуаныш Берденовтің арнауымен ашылды.
Бұдан кейін Халықаралық байқаудың жүлдегері Сая Жұмашеваның дирижерлігімен Мақат аудандық халықтық ұлт аспаптар оркестрі Түркештің «Көңіл ашар», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындады. Сондай-ақ, оркестрдің сүйемелдеуімен Жасұлан Сисембаевтың орындауындағы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін, облыстық байқаулардың жүлдегері «ДосАрт» триосының «Батырлар ұраны», «Доссор мен Мақат», республикалық «Еркіндігім – елдігім» ән байқауының дипломанты «Тұран» триосының «Ғажайып танго», «Екеуің-ай», «Махамбеттің термесі» әндерін көрермендер жылы қабылдады. Ел ішін өнер кенішіне айналдырған «Ардагерлер» ансамблінің «Арыс жағасында», «Қызыл құмда ауылым» және Кенжебике Төлебаева, Раушан Әлиева, Гаухар Ишанғалиевалар қосыла шырқаған «Ой, бұраң бел» әндері көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Бауыржан Сақтасинов