Астанаға тарту – «ЭКСПО» әні

ATPress.kz. 17 шілде. Атыраулықтар Астанаға «ЭКСПО» әнін тарту етті. Бас шаһарға сыйлық «Атырау айшықтары» атты Гала-концертте шырқалды.

Мұнайлы өңірден келген 247 көркемөнерпаз қатысқан ауқымды шара «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңындағы амфитеатрда өтті. Астанадағы Атырау күндеріне арналған концерттік бағдарламада жалпы саны 16 шығарма орындалды. «Нарын» ұлт аспаптар оркестрі Елорда көгінде күй-күмбез орнатып, дәстүрлі және эстрада әншілері, бишілер тобы өнер көрсетті. Сөйтіп, астаналықтарға ерекше кеш сыйлады. 

Әсіресе, «ЭКСПО» әнінің алар орны бөлек. Осы орайда, әннің әуенін жазған әуесқой композитор Бақытбек Сартбаевтен жүздестік. Оның айтуынша, бұл туынды былтыр қараша айында дайын болған. Содан, халықаралық көрмеге негізделгенін айтады. «Идея авторы - алматылық режиссер Нағима Адилова және сол кездегі облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы болған Амантай Берғалиев. Олар 2017 жылы өтетін үлкен шараға атыраулықтардың атынан тарту жасайық деп ой тастады. Әрине, әннің дүниеге келуі оңай болған жоқ. Екі апта бойы тебірендік, толғандық. Нәтижесінде, танымал ақын Әлия Дәулетбаева сөзін жазып, «ЭКСПО» әні жарыққа шықты. Бұл туындыны алматылық жас өнерпаздар Әсет Балғазин және Венера Сағи Атырауда Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Жайық» спорт кешенінде өткен шарада алғаш орындады. Ал, Астанадағы бүгінгі бағдарламада төртінші рет сахнада шырқалып отыр», - дейді Бақытбек Сартбаев. 

Тоқтала кетейік, Астанадағы Атыраудың мәдени күндері 20 шілдеге дейін созылады. Бүгін кешке, 19.00-де екі бағдарлама жоспарланған. Біріншісі, «Бәйтерек» монументі алаңында «Сазды керуен» атты «Нарын» ұлт аспаптар оркестрінің сазды бағдарламасы болады. Сонымен қатар, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы Иран Ғайыптың «Сүйінбай» драмасын «Жастар» театрында қояды деп күтілуде. 

 

Айдос Қарабала

Фото Әнуар Әбілғазиевтікі