Мақатқа жалғыз аққу қайдан келді?

ATPress.kz. 6 сәуір. Сәрсенбіде Шығыс Мақат кен орны мұнайшылары учаскелері маңында қанатын қомдап, бірақ ұша алмай жүрген жалғыз аққуды көріп қалады.

Мұнайшылар оны ұстап алып, дереу жергілікті төтенше жағдай бөліміне хабар береді. Уақытында хабар алған төтенше жағдай мамандары көмектің кешікпей жететіндігін хабарлайды.

Мақат аудандық ветеринария бөліміне де мұнайшылардың көмек сұрай соққан хабары жетіп, сол күні бөлім басшысы Мырзабек Ғұмаров аққуды автокөлігімен аудан орталығына жеткізді. 

Аққу бақылауда болғаннан кейін оны облыс орталығындағы қоршаған ортаны қорғау басқармасына жеткізбекші. Мақат ауданының бас ветеринары Мырзабек Ғұмаров аққудан ешқандай ауру белгілері және денесінен жарақаттың байқалмайтындығын айтты. 

Жұп болып жүретін киелі құстың тобынан ажырап, жалғыз жүруін маман құстың ұшқан кезде әуелеп бірден көтерілмей, ұшақтар секілді төменнен жылдамдығын үдете түсіп, жоғары көтерілетіндігін, ал сусыз аймақта жерден көтерілу барысында дала жыртқыштары - қарсақ, түлкілер қанатына жабысып, ұшырмауынан болуы керек деп топшылап отыр. Киелі құстың әбден әлсіреуіне осы жағдай себеп болса керек. Жалғыз аққу бүгінде алаңсыз жем-суын ішуде. 

Ежелден халқымыз қастер тұтып, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік белгісі санаған құс төресі аман-есен өз ортасына қосылса екен деп тілейміз.

 

Е. Мырза