ATPress.kz. 28 наурыз. Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бастаған делегация Ресей Федерациясының Астрахан қаласында қызмет бабымен болды.
Делегация құрамында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров және құзырлы орган өкілдері болды.
Қазақстандық делегация Астрахан облысы үкіметі төрағасының орынбасары – Астрахан облысы ауыл шаруашылығы және балық өндірісі министрі Алексей Галкинмен, өңірлік балық шаруашылығы басшыларымен кездесті. Кездесуде қос тарап балық аулаудағы өзара қарым-қатынастар және шекаралық Қиғаш өзенінің экожүйесін бірігіп қорғау, оның балық ресурстарын тиімді пайдалану, тәжірибе алмасу мәселелерін қозғады. Астрахан облысының ауыл шаруашылығы және балық өндірісі министрі Алексей Галкин қазақстандық қонақтарды өңірдің балық өндірісіндегі басты бағыттарынан хабардар етті.
«Кездесу барысында біраз нәрсеге қанықтық. Астрахан облысында түнде балық тасығанда шекарашылар кедергі жасамай, тізім бойынша белгі салып жібере береді екен. Бізде таңға дейін тұрғызып қояды. Ау тартатын учаскелерінде ресейліктерге күні-түні аулауға рұқсат берілген. Қазақстанда түнде ау тартқызбайды. Оларда балықтың ірісінің әр данасына 80 тиын төлесе, ұсағы тегін. Қанша ауласа да еркінде. Ауданымызда ірі балыққа 32, ұсағына 12 теңге төлеп жүрміз. Астрахандықтар рұқсатты ауыл шаруашылығы кооперативтерінен ала береді. Сонымен қатар, оларда лимитті 10 жылға бірден беріп тастайды. «Рыбаксоюз» деген қоғамдастық бар. Жақында Мәскеуде балықшылардың слеті өтіпті. Сонда осы қоғам келесі жылы лимитті 15 жылға дейін созу мәселесін көтеріп, ұсыныс қолдау тапқан. Лимитті пайызбен бөледі екен. Мысалы, менікі 10% болса, 2018 жылға 51 мың тонна лимит бөлініп тұр деген сөз. Ресейліктердің ғылыми-зерттеу институттары да тиімді жұмыс жасауда. Балық қорын есептеп, 2019 жылы ауланатын мөлшерінің де болжамын шығарып қойған. Атырау облысында 14 мыңдай лимит бөлінсе, оның Қиғашқа тиесілісі теңізбен қоса алғанда 3 мың тонна. Бір бассейіннен балық аулағандықтан болашақта бізде де лимитті көтеріп, ресейліктермен бірдей қылу қажет», - дейді делегация құрамында болған «Каспий Балық» ӨК-нің төрағасы Жұмажан Шакупов.
Спикердің айтуынша, Астрахан облысында 77 табиғат пайдаланушың төртеуі еуронөмірмен өнім шығарады, яғни, экспорттайды. Атырау облысында 19 табиғат пайдаланушы болса, еуронөмір «Амангелді» кооперативінде ғана бар. Болашақта балықты сол күйінде сатпай, өңдеп шығару мақсат етіп қойылып отыр. Қос тарап арасында жүргізілген келiссөздер қорытындысымен сарапшылардың өзара тәжірибе алмасып тұруына қол жеткізілген.
Ашығын айтқанда, Құрманғазы ауданында балық шаруашылығы толығымен дами алмай отыр. Оның өзіндік себебі де бар. Күні кешеге дейін браконьерлікпен күрес көңілді көншітпеді. «Шортандар» құтылып, «шабақтар» тұтылды. Су маржаны тонналап көрінгеннің қолында кетіп жатты. Заңды түрде табиғат пайдаланушыларға бұл оңай тимеді. Бөлінген лимиттен шыға алмады. Оның өзі де уақытында шешілмеді. Бұған балық аулауға рұқсаттың кеш берілетінін, арналардың жылдар бойы қазылмай, оларды шөп пен құм басқанын қосыңыз. Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің бұл мәселені жоғары жақтарда қайта-қайта қозғап күш салуының арқасында ғана сең қозғалып, лимит пен аулауға рұқсат уақытында берілетін болды. Десек те, әлі де шешімін күткен түйінді мәселелер жоқ емес. Оның бір ұшының тарқатылуы іргелес көршіміз Ресейге де қатысты болып отыр.
Қ. Ғұмаров