Атырауда «Әке көрген оқ жонар» атты дәстүрлі садақ ату сайысы өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық білім беру басқармасы және Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жеті аудан мен қаладан 32 қатысушы жиналды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сайыстың басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық мұраны дәріптеп, ата дәстүрді ұлықтау, сондай-ақ әке мен баланың арасындағы рухани байланысты нығайту.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қанатов мұндай шараның өңірде осымен екінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті.
- Ұлттық болмысты ұлықтайтын осындай шаралар жас ұрпақтың рухын көтеріп, отбасылық тәрбие мен патриоттық сезімді қалыптастырады. Әке мен баланың бір сапта тұрып, бірге өнер көрсетуі – тәрбиенің ең биік үлгісі, - деді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар екі аталым бойынша колледждер мен мектептер арасынан анықталды. Колледждер ішінен бірінші орынды С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі жеңіп алды. Екінші орынға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінен қатысқандар ие болды. Ал үшінші орынды Атырау көлік және коммуникация колледжі еншіледі.
Мектептер арасында бірінші орын Х.Досмұхамедов атындағы лицейдің оқушыларына бұйырды. Екінші орынды Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы жеңіп алса, үшінші орынды Қ.Қайсенов атындағы №33 мектеп иеленді.