Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салалары бойынша құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сай жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Мектептерге келсек, биыл Исатай ауданы Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебі пайдалануға берілді, - дейді облыстық құрылыс басқармасындағы мамандар. – Сонымен қатар, бес мектепке жапсаржай құрылысы мен төрт балабақша құрылысын кезең кезеңімен жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, бұлар – Бірлік-2 ауылында 600 орындық; Өрлеу (Тасқала-2) шағынауданында 600 орындық; Көктем-2 шағын ауданында 600 орындық; Еркінқала-2 ауылында 600 орындық; Құлсары қаласындағы №20 орта мектептің 180 орындық жапсаржай ғимараты.
Ал, балабақшаларға келсек, бұл – Исатай ауданы Томан елдімекенінде 80 орындық; Индер ауданы Аққала ауылында 90 орындық; Атырау қаласы Талқайран ауылында 280 орындық; Исатай ауданы Нарын елдімекенінде 80 орындық балабақша.
Денсаулық сақтау саласы бойынша биыл екі дәрігерлік амбулатория құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұлар – Алмалы және Береке ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория. Сондай-ақ Алмалы ауылында оңалту орталығының құрылысы аяқтала келді.
Мәдениет саласында да жұмыстар жалғасуда. Мәселен, биыл Сарытоғай ауылындағы (Махамбет ауданы) 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Спорт саласы бойынша да Таңдай ауылында (Махамбет ауданы) 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенің (ФОК) құрылысын аяқтау жоспарда бар.
Осылайша, биыл басқарманың тапсырысымен 13 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ