Атырауда "111" орталығымен байланыстыратын QR-кодтар жұмыс жасауда

Өңірде "111" республикалық байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар жұмыс істеуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл кодтар облыстық білім беру басқармасына қатысты оқу ордаларының барлығында орнатылған. Мұндағы басты мақсат —балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, құқықтарының сақталуына және қиын жағдайда жалғыз қалмауына жағдай жасау. Ол жөнінде Атырау облыстық Білім беру басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығы директорының м.а. Шынар Тукенова мәлім етті. 

"111" байланыс нөмірінің негізгі қызметтері:

• Балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау;

• Отбасылық зорлық-зомбылық, қатігездік, немқұрайлылық жағдайлары бойынша көмек көрсету;

• Психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес беру;

• Қиын жағдайға тап болған балалар мен ата-аналарға қолдау көрсету.

- Мамандар байланыс орталығына түскен 20 адамның сұранысы бойынша арнайы жұмыстар жүргізді. Алайда зерттеу барысында 13 тұлға анықталмады. Қалғандарына сәйкес жұмыстар толықтай жүргізіліп, түзету шаралары жасалды. "111" республикалық байланыс орталығы тәулік бойы тегін және құпия түрде кеңес береді,- деді Ш. Тукенова.

"111" қызметінің ерекшеліктері:

• Қоңырау шалу – тегін;

• Қоңырауларға білікті психологтар мен заңгерлер жауап береді;

• Қажет жағдайда хабарласқан адамның рұқсатына сай әлеуметтік қызметтермен, құқық қорғау органдарымен және қорғаншылық мекемелерімен байланыс орнатылады;

• Қауіп-қатер төнген жағдайда шұғыл шаралар қабылданады.